Қыздар Университетінің студенті ХХIII Қысқы Олимпиадаға қатысады

 

АЛМАТЫ. 13 ақпан. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінің 3-курс студенті Мария Григорова Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан ХХIII қысқы Олимпиада ойындарына қатысады.
 
Мария Григорова алып слалом сайысы бойынша жарыс жолына 12 ақпан күні шығуы тиіс болатын. Алайда, қатты жел салдарынан шаңғымен кедергілер арқылы таудан төмен құлдилап түсу жарысы 15-ші ақпанға ауысты.
 
Қыздар Университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алып жатқан Мария Григорова 1996 жылғы 4 наурызда Алматы облысы, Қарасай ауданында дүниеге келген. Бойжеткен 1-сыныптан бастап шаңғы спортымен тұрақты түрде айналысады. Ол 16 жасында аталған спорт түрінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына ие болды.
 
– Шаңғы спорты қысқы ойын түрлерінің негізгілерінің бірі. Аталған спорт түрінен жаттығулар мен жарыстар ашық аспан астында, таза ауада өтетін болғандықтан денсаулыққа өте пайдалы. Ол адамның бойындағы шыдамдылық, шапшаңдық, батылдық, ептілік, табандылық сияқты қасиеттерді жан-жақты дамытады. Осындай спорт түрін жанына серік еткен Мария жас болса да бұған дейін қомақты табыстарға қол жеткізіп үлгерді. Олимпиада – бұл жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып жүрген мықты әрі тәжірибелі спортшылардың бас қосатын алаңы. Сондықтан мұндай деңгейдегі додаларға қатысу үлкен жауапкершілік жүктейді. Десе де Мария жарыс жолында қиын әдістерді еркін орындап, қарсыластарынан басым түсетініне сенімдіміз, – дейді алғашқы бапкері Павел Савченко.
 
Мария Григорова тау шаңғысы бойынша 2014, 2015, 2016 жылдардағы Қазақстан Республикасының чемпионы, ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі. Жас спортшының қол жеткізген табыстары бір бұл ғана емес. Ливанда өткен Әлемдік турнирде 3-орын, Оңтүстік Корея және Ирандағы жарыста 2-орынға ие болды. Сонымен қатар, ол Италия, Австрия, Қытайда өткен жаһандық спорт додаларында жүлделі орындарды қанжығасына байлады.
 
Естеріңізге сала кетейік, 9 ақпан күні Пхёнчханда ХХIII Қысқы Олимпиада ойындары басталды. 25 ақпанға дейін жалғасатын байрақты бәсекеде спортшылар қысқы спорттың 15 түрі бойынша 102 медальді сарапқа салады. Қазақстандық 46 спортшы спорттың 9 түрі бойынша сынға түспек.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti