Жандар Асан: Масс медиа – аса маңызды құрал

 

АЛМАТЫ. 12 ақпан. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Медиа департаментінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі – «Қыздар Университеті» газетінің бас редакторы Жандар Асанның авторлық мақаласы.
 
Бүгінгі күнде масс медиа – көпшілік қауымға яки қоғамға ықпал ететін аса өзекті құрал. Осыған орай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ақпараттық саясат жүйесін оңтайландыру және жаңғырту мақсатында қолға алынған істердің бір бөлігіне аз-кем тоқталуды жөн көріп отырмыз.
 
 
Медиа жобалар жүзеге асырылады
 
Қыздар Университетінің Медиа департаментінің құрамынан қайта жасақталған Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің қызметінің негізгі 3 бағытта жүйеленді. Медиа қызмет Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қызметін және ондағы іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз ету, ректордың қызметін және оның қатысуымен өтетін іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз етуді имидждік қолдау және оқу орнының қызметін және ондағы іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз етуді коммуникативті қолдау тұрғысында жұмыс істемек. Сонымен қатар, отандық ақпараттық кеңістікте (телеарна, газет, сайт, әлеуметтік желілер) оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстар, білім-ғылым саласындағы тың жаңалықтар, жас ғалымдардың инновациялық жобалары мен рухани-танымдық тұрғыдағы маңызды ақпараттарды үздіксіз тарату үрдісі қолға алынды. Телеарналар эфирінде педагогикалық білім беру ұйымы жайында іс-шаралар туралы сюжеттер көрсетілімі жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылуда. Республикалық интернет-кеңістіктегі рейтингі жоғары ақпараттық сайттармен өзара әріптестік аясында жүйелі жұмыстар іске асырылуда. Сондай-ақ, бөлім оқу орнындағы іс-шараларды ақпараттық-имидждік ілгерілетуге ұйытқы болды. Атап айтқанда, Баспасөз орталығы жекелеген хабарламалар немесе ресми мәліметтер жариялауды түрлі әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асыруды қолға алды.
 
* * *
 
«Қыздар Университеті» газеті жаңа дизайнда жарық көреді
 
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Қыздар Университеті» газеті биылғы жылдың қаңтар айынан бастап форматтық, дизайндық және мазмұндық өзгерістермен жарық көреді. Заманауи қоғамда қандай да бір белгінің яки брендтің имиджін көтеру мақсатында ребрендинг әдісі қолданылады. Осыған орай оқу орнының «көзі, құлағы һәм тілі» болып отырған газетке деген көпшіліктің жаңа көзқарасын қалыптастыру үшін арнайы логотипін жасадық. Кез келген газет үнемі ізденіс үстінде болуы қажет деп ойлаймын. Шығармашылық тұрғыдан да жаңарып отыру керек. Өзге басылымдарды салыстырып, сараптап, зерделеп «Қыздар Университетінің» жаңа форматын жасауды ұйғардық. Басты ұстанымымыз – оқу орнының арнайы брендін қалыптастыру, ортақ ісіне өз үлесімізді қосу, жаңалықтарды беру барысында жылдамдық пен шынайылық таныту. Басылымның жаңа үлгісі А минус 2 немесе көптеген шетелдік жетекші газеттердің пішіміне сай D 2 деп аталады. Бұл осы уақытқа дейін шығып келген «Қыздар Университетінің» форматынан үлкендеу. Оқуға ыңғайлы. Кәсіби мамандар арасында «еуроформат» аталған бұл үлгіде Ұлыбританияның «Financial Times», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері шығады.
 
* * *
 
«Qyzdar University TV» интернет телеарнасы ашылды
 
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Qyzdar University TV» интернет телеарнасы ашылды. Жаңа арна YouTube бейнехостингі арқылы ақпарат таратпақ. Интернет арнада оқу орнының жаңалықтары, хабарландырулар, сұхбаттар және танымдық хабарлар беріліп отырмақ. Басты ескеретін нәрсе – бұл бастамасы ғана. «Qyzdar University TV» интернет телеарнасы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Алдағы уақытта апталық сараптамалық бағдарлама мен білім, ғылым және өзге тақырыптардағы бірнеше телевизиялық жобаны көрермен назарына ұсыну жоспарда бар. Дайындалған жаңалықтар мен бағдарламалар университеттің оқу ғимараттары мен жатақханаларында орналасқан мониторлар арқылы таратылмақ.
 
* * *
 
Университеттің ресми сайты жаңарады
 
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Kazmkpu.kz» ресми интернет-ресурсы жаңарады. Мақсат – сайттың тиімділігін, азаматтарға қажетті ақпараттың қолжетімділік деңгейін арттыру және ресурсты заман талабына сай дамыту. Жаңа дизайндағы сайт мәзір бөлімдерінің анық құрылымдылығымен, сапалы ақпараттық толықтырылуымен, көрсетілген ақпараттың өзектілігімен, құрылым бойынша деректерді реттеуімен және толық байланыс деректерін ұсынуымен ерекшеленбек. Интернет-ресурс 3 тілде қызмет етеді. Ақпаратты Қыздар Университетінің әлеуметтік желідегі 5 ресми парақшасынан бөлісуге болады. Сайттың алдында тұрған негізгі міндет – жоғары оқу орнының ресми интернет-ресурсы болумен қатар, ақпарат портал дәрежесіне көтеру. Бүгінде ғаламторға шығарылған сайтта ақпараттық толықтырылу және жетілдірілу жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда айта кететін жайт, веб-портал өткен жылдың қазан айынан бастап күнделікті, үздіксіз қазақ және ағылшын тілінде ақпарат таратып келеді.
 
* * *
 
Әлеуметтік желілерде ресми парақшалары ашылды
 
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Twitter, Instagram, Facebook, Google+ және Вконтакте желілерінде ресми парақшалары ашылды. Желілерде университет жаңалықтары, хабарландырулар мен өзге де қызықты деректер күнделікті қазақ, ағылшын тілінде сапалы фотолармен жарияланып тұрады. Бүгінде бұқаралық коммуникация құралдары қарқынды дамуда. Осы үрдістің нәтижесінде журналистиканың һәм масс-медианың өзіне тән тың формасы дүниеге келді. Ол – интернет журналистика. Қазіргі күнде хабарламаларды, жаңалықтарды кең ауқымда тарату мақсатында әлеуметтік желілер кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, ол интернет ұсынатын мүмкіндіктердің ең танымалы болып отыр. Бұл – әлеуметтік желіні қолданушылардың саны күн санап артып келеді деген сөз.
 
Жандар АСАН,
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі – «Қыздар Университеті» газетінің бас редакторы
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti